Таразда республикалық «Күләш Ахметова оқулары» өтті
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың 70-жылдық мерейтойына арналған республикалық «Күләш Ахметова» оқуларының байқауы өтті, деп хабарлайды zakon.kz, ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты – ақын шығармашылығын насихаттау, зерттеп-зерделеу. Сондай-ақ дарынды жастарды анықтап, оларға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету.
«Өткенге көз салсақ, қазақ әдебиетінің тарихында өмірін өлеңге арнаған ақын әйелдер аз емес. Мәселен, Мария Хакімжанова, Зияш Қалауова, 60-жылдарда поэзия шолпаны Фариза Оңғарсынова, поэзия аққуы Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева. 70-жылдары – көзіқарақты көпшілік «поэзия ханшайымы» деп ат қойып, айдар таққан Күләш Ахметова да осы тізімнің көш басында, алдыңғы сапында тұрған ұлт әдебиетінде өзіндік өрнегі бар нәзікжандылардың бірі һәм бірегейі деп атасақ болады», деді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова.
Додаға 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларындағы жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназияларының оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Байқау 2 кезең бойынша өтті. Қатысушылар алғашқы турда Күләш Ахметова өлеңдерін жатқа айтудан бақ сынаса, екінші кезеңде ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.
Сайыста елімізге белгілі ақындар, журналистер мен тіл мамандары әділқазылық жасады.
К. Ахметова өлеңдерін жатқа айту аталымы бойынша бас жүлдені Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Салтанат Анапияева қанжығасына байласа, 1-орын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Әмірбек Шәкішке бұйырды. Тараз теміржол колледжінің білімгері Бижігіт Айдаралы мен Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Ақбота Алдамжарова 2-орынға лайық деп танылды. Үшінші орынды Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Нұқ Ерболат пен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Мөлдір Қамзаева өзара бөлісті.
Ал, К. Ахметова әндерін орындау кезеңі бойынша ТарМПИ студенті Елдос Бисенов бас жүлдеге ие болды. 1-орын да аталған оқу орнының білімгері Гүлдана Әзізханға бұйырды. Тараз химия-технологиялық колледжінің студенті Нұржігіт Жақсыбаев 2-орын, ТарМПИ студенті Мадина Бердиярова 3-орын иегері атанды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Күләш Ахметова Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Өлеңдері орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген. 15-тен астам кітаптың авторы.