Түркістанда ұлы ақын Абайдың көрмесі ашылды
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында 4 мамырда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Ұлы дала елінің ұлы ақыны» тақырыбындағы көрме ашылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Көрмені «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы директоры Ж.Әубәкір құттықтау сөзімен ашып, Семейден, Шыңғыстаудан келген музей ұжымына алғыс білдірді. Көрменің мақсаты ұлы тұлға - ақын ойшыл Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың мұрасын, оның өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін насихаттау.
Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Б.Көпбайұлы Түркістандай киелі топыраққа табан тірегеніне қуанышты екендігін жеткізе келе, мұражайлар арасындағы байланыстың алдағы уақыттарда да дами беретіндігін атап өтіп, «Әзірет Сұлтан» мұражай ұжымына Семей қаласындағы тәуелсіздік монументі кәдесыйын ұсынды. Көрмені ыстық ықыласпен қарсы алған Түркістан жұртшылығы да өз лебіздерін білдіруден аянып қалмады. Мұражай директоры келген қонақтарға алғыс хатпен қатар, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы атынан «Тайқазанның» көшірме кәдесыйын, Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Б.Көпбайұлына Қожа Ахмет Ясауидің мөрін естелік ретінде ұсынып, қонақтарға бабамыздың он бір Ахметтің есімі жазылған киелі мөрін бойтұмар ретінде тақты.
Көрмеге қатысқан қала әкімінің кеңесшісі Ж.Ибрагимов тілегінен кейін, қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ көрмеге ақсақалдар кеңесінің мүшесі М.Дүйсекей және қаладағы этнопедагогикалық колледждің директоры А.Серім де өз тарапынан естелік сыйларды тарту етті. Көрменің ашылу салтанатын № 16Т.Бигельдинов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары Абайдың қара сөздерін және өлеңдерін жатқа оқып, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Көрмеге қала мектептері мен колледж студенттері, ата-аналар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Фото: inform.kz