Алина Әділханова Азияның үш дүркін чемпионы атанды
Қарағандылық гимнасшы қыз Алина Әділханова көркем гимнастикадан Астанада өткен Азия чемпионатында үш алтын медальді жеңіп алды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Осы толайым табысқа орай Қарағандыда баспасөз мәслихаты өтті. 14 жастағы Алина Әділханова Сарықұрлық сынында барлығы 6 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, қалғаны – күміс.
«Менің ең басты қарсыластарым Жапония мен Өзбекстан гинасшылары болды. Алайда, олар тек жарыс кілемінде ғана қарсылас, ал өмірдің өзінде біз доспыз. Олар мені жеңісіммен құттықтады», – дейді Алина.
Гимнасшы қыздың жаттықтырушысы Людмила Макарова шәкіртінің жетістігі жоғары болса да, төрешілердің кейбір сәттерде бұрмалаушылыққа жол бергендерін айтты. Маманның ойынша, Алина осы чемпионатта төрт «алтын» алуы керек екен.
Қайрат Әбілдинов
Фото: egemen.kz