Алматы облысының шаруалары көктемгі егіс маусымын бастады
Көктемгі егіс жұмыстарына кіріскен жетісулық аграрийлер күзде мол өнім алудан үмітті, деп хабарлайды BNews.kz.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде биыл егіс алқабы едәуір ұлғайтылған, 929,6 мың гектарды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы жерлердің көп бөлігі дәнді масақты, майлы дақылдарға, көкөніс, картоп, қант қызылшасына бөлінген.
«Көктемгі егіс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, қажетті минералды тыңайтқыш, гербицидтер, дизель отыны сатып алынды. Шаруаларға көмек ретінде арзандатылған 22 мың тоннадан астам дизель отыны бөлініп, 10 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш, 34,5 мың литр гербицид сатып алынды. Сонымен қатар тексеріс барысында екі жүз мың га жердің бос, пайдаланылмай жатқаны анықталды. Қазір бұл мәселе бойынша тиісті шаралар қолға алынды», - деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов.
Шаруалар аянбай тер төксек, күзде мол өнім алуға болады деген сенімде. Ірі шаруа қожалықтарының арасында Көксу ауданында орын тепкен «Кендала» да бар.
«Биыл біз алқаптың басым бөлігіне бидай мен қант қызылшасын егеміз. Себебі аталған бағытты дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі және өінмдерге сұраныс та көп. Бұған дейін біз сол қант қызылшасын қажетті көлемде сата алмайтын едік. Себебі тапқан табысымыз жұмсалған шығынды ақтамайтын. Алайда былтыр Балпық би кентінде іске қосылған қант зауыты өнімді өткізу мәселесін шешуге сеп болды», - деді шаруа қожалығының жетекшсі Қалибек Алпысбаев.
Фото:BNews.kz.