Жамбыл облысында аула ойындары қайта жанданды
Жамбыл облысында бір айдан бері аула және көше ойындарынан жарыс өтіп жатыр. Өңірде мұндай жаппай спорттық шара өткізу дәстүрге айналған. Алғашқы кезеңдер қала және аудан деңгейінде ұйымдастырылып, үздіктер сәуір айында анықталып қойған, деп жазады 24.kz арнасы.
Енді сол ойыншылар бүгін Таразда облыстық деңгейде өнер көрсетуде. Бүгін таңертеңнен жауған жауынға қарамастан салауатты өмір салтын ұстанған жамбылдықтар орталық стадионға жиылды. Мұнда аула және көше ойындарынан облыстық чемпионат өтіп жатыр. Спорттық шараға облыстағы 10 аудан мен Тараз қаласынан 11 команда қатысуда. Жарыс бағдарламасына қалашық, ләңгі сияқты ұмыт қалып бара жатқан ойын түрлері енгізілген.
Сондай-ақ, асық ату мен қашпа доп, секірмек те бар. Бұған дейін екі іріктеу кезеңі аудандар мен шалғай ауылдарда өткен болатын. Ал ақтық сында 500-ге тарта спортшы өзара сайысқа түсіп жатыр. Жалпы тұрғындардың қызығушылығы жыл санап артып келеді.
Былтырғы шараға 8 мың тұрғын қатысса, биыл үш кезеңдегі қатысушылардың саны 15 мыңға жетіп отыр. Айта кету керек, шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. Сондай-ақ, бүгін көше ойындарынан да үздік анықталады. Қатысушылар спорттың 4 түрі бойынша өнер көрсетуде. Олар: стритбол, кроссфит, стрит воркаут және үстел теннисі. Бұл жарысқа әртүрлі жастағы азаматтар қатысуына мүмкіндік бар. Жарысты өткізудегі негізгі мақсат – облыс тұрғындарын бұқаралық спортпен шұғылдануға тартып, жастарды компьютер ойындарына деген құмарлықтан бас тартуға шақыру. Чемпионат кешке дейін жалғасады.
Руслан Бақытбекұлы
Фото:24.kz