СҚО-да 4 млн 300 мың гектар жерге дән себілмек
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары басталып, диқандар қауымы ылғал тоқтатуға кірісті. Биыл облыс бойынша 4 млн 300 мың гектар жерге дән себілмек. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлайды.
Алқапта жұмыс қызғанымен, жердің жайын білетін шаруаның ғана ісі алға баспақ. Агрофирма жетекшісі Павел Рафальский егіншілікпен айналысу оңай емес екенін айтады. Білікті маман бұл ретте жанар-жағармай шығыны мен күн райының тосын мінезіне де дайын болу қажет дегенді алға тартуда. Көктемнің бір күні – бір жылға азық. Павел Рафальский жердің бабын білетін жан. «Жақсы күтім – мол өнімнің кепілі», - дейді шаруа. Осы жылы ол 40 мың гектар жерге дән сіңірмек.
Павел Рафальский, шаруа қожалық иесі:
- Біз минералды тыңайтқыштарды қолданамыз. Сонымен қатар егістік алқаптарды әртараптандырып, майлы және бұршақ дақылдарын ұлғайттық. Бұл жердің құнарлылығын арттырды. Бір сөзбен айтқанда, инвестиция салу керек. Сонда ғана қайтарым болады. Бұл оңай жұмыс емес. Әр жұмыстың есебі бар.
Қырда көктемгі қарбалас қарқын алды. Егіс алқаптарында ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруашылық маңызды науқанға сақадай сай. Тұқым қоры мен жанар-жағармай жеткілікті.
Анатолий Богинский, қырман меңгерушісі:
- Бірінші кезекте жасымық пен күнбағысты егеміз. Жасымықтың бағасы басқа дақылдарға қарағанда қымбаттау. Өткен жылы оны Ауғанстан, Ирак, Иран, Польша, Бельгия және тағы басқа елдерге саттық.
Шаруа егін егіп қана қоймай, мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде оның жайылымында 2 мың қазақтың ақ басы мен ангусы жүр. Бұл да жердің тиімді игерілуі.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Дмитрий Рура
Фото:kostanaytany.kz