БҚО-да 2 баланы жылан шаққан
Шыңғырлау ауданында 2 баланы жылан шаққан. Бұл туралы аудандық аурухана хирургі Тимур Бекбусинов хабарлады. Дәрігердің айтуынша, олардың екеуіне де дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, облыс орталығына жіберілген. Қазір бір баланың жағдайы жақсы, екіншісі әлі Орал қаласының емханасында жатыр, деп жазады zhaikpress.kz.
– Айта кетерлік жайт, балаларды жыландар ауыл көшелерінде шаққан, яғни, суық қанды жәндіктер қазір жылу іздеп ауыл ішінде, көшелерде, қора-қопсыларда жүр деген сөз. Сондықтан кішкене балалары бар адамдардың аса сақ болғандары дұрыс. Балаларды алысқа жібермей, назарда ұстап, қалың, қау шөптерде ойнамауын қадағалау керек. Жыландардан басқа тас кенелерден, аралардан да сақтанған абзал. Бүгінгі таңда тас кенеден зардап шеккендер де көп болып отыр.
Жылан шағып алған жағдайда, дәрігерлік орындардан қашық болса, ата-ана ең алдымен шаққан жердегі уды аузымен сорып алып тастауға тырысуы керек. Бірақ ауыз қуысының жарақатсыз, жарылмаған болуы шарт. Ал дұрысында әрбір үйде арнайы осындай жағдайларға арналған сорғыш құралдар болады. Сондай құралдарды дәріханалардан сатып алып қою керек. Бұдан кейінгі шарт, шаққан жерді көп қимыл-қозғалысқа келтірмеу керек, себебі, қол немесе аяқ (көп жағдайда осы мүшелерден шағып алып жатады) қозғалысқа түскен кезде қан айналысы жылдамдайды да лимфа жолдары арқылы у денеге тез тарайды. Сондықтан, лажы болса, шағылған дене мүшесін ағаш тақтайшаға немесе сырқаттың денесіне қозғалмайтындай етіп таңып тастау қажет. Содан кейін тез арада дәрігер көмегіне жүгінген жөн.
Жалпы, улы жәндіктерден қыста да, жазда да сақтанған дұрыс. Себебі қысқы уақытта, жазғытұрым жылу іздеген жәндіктер мекемелердің жылу қазандықтары, жылу құбырлары маңайына көптеп жиналады. Сондықтан мектептерде, балабақшаларда, басқа да қоғамдық орындарда, ауладағы немесе иесіз қора-қопсыларда абай болыңыздар, – деп ескертеді дәрігер-маман.
Қаршыға Елемесов
Фото:otyrar.kz