Петропавлда базар өртеніп, үш сауда павильоны зақымданды
Петропавлда базар өртенді, үш сауда павильоны зақымданды, деп жазады Қазақстан жаңалықтары АА, СҚО ТЖД баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
15 мамырда сағат 19:00-де 101 телефонына Петропавл қаласындағы Бостандық көшесі, 22 мекенжайында орналасқан "Дария" базары аумағында өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті.
"Сағат 19:06-да оқиға орнына ТЖ департаментінің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бөлімшелері келіп жетті. Өрт салдарынан үш сауда павильоны, базардың негізгі ғимаратына жапсыра салынған құрылыстың металлдан жасалған төбесі бүлінді. Өрт жалпы ауданы 48 шаршы метр аумақты шарпыды", — деп хабарлады ТЖД-дан.
Келушілер болмағандықтан базар аумағында көшіру жұмыстары жүргізілген жоқ.
"Өрттің қауіптілігі ескеріліп, оған үшінші шақыру нөмері (жоғарғы) берілді, оны ауыздықтауға 11 бірлік техника және «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің 38 адамнан жеке құрамы жұмылдырылды",-деп атап көрсетілген хабарламада.
Өрт сөндірілді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі мен келтірілген шығындар анықталуда.
Фото:newskaz.kz