Алматыда иттерді серуендетуге арналған бірнеше алаң салынбақ
Қалалық басқармалар мәслихат депутаттарына былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Өкілетті орган 525 миллиард теңге тиімді жұмсалған деген ұйғарымға келді. Мәселен, қаржының басым бөлігі, яғни 130 миллиард теңге әлеуметтік салаға, оның ішінде қолжетімді тұрғын үй салуға жұмсалған, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Ал, ең көп шығын Ішкі істер департаментінің 4 жарым мыңға жуық қызметкерінің қызметтік жағдайын жақсартуға кеткен. Сондай-ақ былтыр қазына қаржысы ауруханалар, білім беру нысандары мен балабақшалар салуға жұмсалған. Ал, игерілмеген 5 млрд теңгені биыл үнемдеу туралы шешім қабылданды.
"Қабылданып жатқан дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту» және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында 2015 жылы жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0,9%-ға төмендеді. 53,9 млн теңге шамасында 2775 отбасы қолжетімді баспанаға ие болды",- деді Алматы қаласы қаржы басқармасының басшысы Айман Әбдіқадырова.
Бұған қоса, мәслихат жиынында бірқатар басқармаларды біріктіру туралы шешім қабылданды. Енді, Ауыл шаруашылығы басқармасына ветеринария қызметі қосылып, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы болып аталатын болды. Басқарма мамандары қазірдің өзінде кейбір жоспарларымен бөлісті. Ең әуелі үй хайуанаттарын ұстайтындардың мәселесін шешіп, саябаққа сәбилерімен тынығуға келген жұртқа да жайлы жағдай жасамақ. Шенеуніктер қаланың әр ауданына иттерді серуендетуге арналған 3 алаңнан салуға депутаттардан қолдау сұрағалы отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 4 млн теңге қаражат қажет.
Фото: qile.ru