Елімізде барлық қызмет электронды жүйеге ауысады
Жемқорлық - індет, жою - міндет. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын мамандар Алматыдағы басқармалар басшыларымен кездесті. Олардың қатарында білім мен денсаулық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, қаржы және мәдениет басқармалары, сондай-ақ қалалық халыққа қызмет көрсететін орталықтардың өкілдері бар. Өйткені дәл осы басқармалармен дүйім жұрт тікелей жұмыс істейді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Айта кетейік, елімізде 11 сәуірден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік мекемесі жұмысқа кірісті. Оның маңыздылығы сол, болашақта барлық қызмет тек электронды жүйеге ауысады, яғни мемлекеттік қызметкерлер мен тұрғындар арасында тікелей байланыс болмайды. Азаматтар енді өтінімдер мен құжаттарды тек электронды түрде рәсімдемек. Оған қоса, мемлекеттік қызметтерді тек бір жерден алуға мүмкіндік туады. Бұл да сыбайлас жемқорлықтын жолын кесу үшін жасалған қадам. Болашақта Алматыда халыққа 500-ден астам қызмет көрсететін 48-ден астам мемлекеттік мекеме бір ұйымға бірігеді.
"Әр мемлекеттік мекеменің басшысы жарты жыл сайын өзінің сайтында бұқаралық ақпарат құралдарында есеп беруі керек. Өткенде ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамға өте маңызды мәселелерді қайталап айтты. Әр мемлекеттік мекеме ашықтық жұмыс жасаулары керек. Халыққа бәрін түсіндіріп отырулары керек. Ашық жұмыс жерде өздеріңіз көріп отырғандай, ешқандай сыбайлас жемқорлыққа орын болмайды",- деді Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Мақсатхан Анапин.
Фото:strategy2050.kz