Алматыда жауын-шашын салдарынан соңғы үш күнде 402 су басу оқиғасы тіркелді - ТЖД
Алматыда жауын-шашын салдарынан соңғы үш күн ішінде 402 су басу оқиғасы тіркелді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихаты барысында Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Мадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда өткен 16 мамырда нөсер жауынға байланысты «Қазгидромет» мемлекеттік мекемесінің ескертпесін негізге ала отырып, біз қала тұрғындарына SMS хабарлама тараттық. Күні бүгінге дейін тұрғындар тарапынан су басуға байланысты 400-дей қоңырау шалынды. 16 мамырдан бері күні бүгінге дейін 402 су басу фактісі тіркелді. Қазір су басу фактілерін жою жұмыстары жалғасуда. Оған 519 адам, 94 техника және 18 сусорғыш жұмылдырылды. Қалада арық-өзен желілері толығымен тазартылған. Сондықтан, судың арық-өзен арналарынан тасуы нөсер жауынның салдарынан болды», - деді өз сөзінде Н. Мадияров.
Айта кетелік, мамыр айында болған жауын-шашынның мөлшері 198 мм-ді құрады. Ал бұл, айлық мөлшерден екі есе көп.
Айбота Жаппарберген
Фото: inform.kz