БҚО-да алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты іс тергеуге жіберілді
Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты 30-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Аймақтағы сот орындаушыларының қолындағы алимент өндіруге қатысты істер саны 5 мыңнан асады, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Осы салада атқарылған шаруаның заңдылығын тексерген прокурорлар жинақталған материалдардың жеткіліксіздігіне байланысты 400-ге тарта істің жабылғанын анықтады. Ал әкелік міндетін өтеуді елемей жүргендердің дені салық пен несие қаржысын уақтылы төлеп тұрады. Көбінің үй-жайы, жеке көлігі бар. «Осындай деректердің анықталуына байланысты алимент алушының құқығын қорғауға күш салып отырмыз», - дейді прокурорлар.
Бағлан Белгібаев, қала прокурорының міндетін атқарушы:
- Материалдарды жинақтаудағы олқылықтар тергеу органдары мен сот орындаушыларының тарапынан кетіп жатады. Заңсыздықтарды анықтаған жағдайда оларды қосымша тергеуге жібереміз. Яғни соңғы нәтижеде біздің тарапымыздан анықталған кемшіліктерді ескере отырып, қылмыстық істерге қатысты процессуалды шешімдер алынатын болады.
Алмат Нарқұлов, облыстық әділет департаментінің басшысы:
- Төлеуден қашқалақтап жүрген адамдар бойынша тиісті шаралар қолданып, ол кісілермен жұмыс жүргіземіз. Жұмыс беру мәселесін қарастырамыз, біріншіден. Егер ол кісілер жұмыс істеуден бас тартатын болса, ол кезде сотқа апарып, әкімшілік іс қозғауға, хаттама толтыруға мәжбүр боламыз.
Фото: www.kzvesti.kz