ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі әлемдік музейлер акциясына қосылды
Бүгін ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-тарихи музейінде «Музей күні» акциясы өтуде. Шара барысында қонақтарға музейдің барлық залына экскурсия ұйымдастырылып, келушілер ел әскерінің дамуы және сұрапыл соғыс жылдарының тарихымен танысуға мүмкіндік алды. Бұл туралы zakon.kz, ҚР Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінгі күні музейдің қорында барлығы 6 000 экспонат бар. Келушілерге музейдегі егеменді ел болып қалыптасқан Қазақстанның қару-жарақ үлгілерінің дамуы, өткен ғасырдағы соғыс қару-жарақтары және әскери техникалардың экспонаттарын көрсетуде.
Бұл жердегі әр заттың өзіндік ерекшелігі бар – жәдігерлер бірнеше залға орналастырылған: олар – Қазақстан Қарулы Күштерінің залы, Мерзімді көрмелер залы, Ежелгі дәуір – XIX ғасыр залы, XX ғасырдағы әскери тарих залы, XX-XXI ғасырлардағы қару-жарақ залы, Бейнелеу өнері залы, сондай-ақ, «Қазақстан әскери ісінің тарихы» атриумы.
Музей – әр халықтың барлық уақыттағы тарихи-мәдени байлығы жинақталған ең үлкен рухани орталық. Қазіргі заманғы музейлер озық технологиялармен жабдықталған. Келушілерге жаңа жабдықтардың көмегімен көне деректер туралы барлық ақпаратты беру үшін бүкіл жағдай жасалған. Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары қолөнершілер қаласын, барабаншылардың орасан зор шоуын, құрметті қарауылдың попурилері мен дефилесін, десантшылардың қоян-қолтық күрестерін және көптеген қызықты жайтарды тамашалай алады.
Фото: www.mod.gov.kz