2017 жылы Қазақстан 54 ел үшін виза режимін жеңілдетеді – Н.Назарбаев
Қазақстанда 2017 жылға қарай визасыз режимді елдер санын 35-тен 54-ке дейін кеңейту, және «Астана» АХҚО қызмектерлері үшін жеңілдетілген виза және еңбек режимін енгізу көзделуде, деп мәлімдеді бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысында. Бұл туралы , primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында визасыз жұмыс істейтін мемлекеттердің санын арттыру жоспарланған. Қазір ондай елдердің саны 35 болса, бір-екі жылдан кейін олардың саны 54-ке дейін жететін болады. Негізгі мақсат – ел экономикасына шетелдік қаржыны көптеп тарту», - деді Н.Назарбаев.
Естеріңізге салсақ, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысы «Астана - халықаралық қаржы орталығы» тақырыбымен басталды.
Іс-шараға халықаралық ірі ұйымдар мен компаниялардың басшылары қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында ЕҚҚДБ, Chevron, «ERG», «Metro Cash&Carry, «JP Morgan & Co.», «Citigroup», «Baker & McKenzie», «Ernst & Young», «ЕБР», «Лукойл» сияқты тағы басқа да компаниялар бар.
Айта кетейік, Шетел инвесторлары кеңесі Қазақстан Президентінің төрағалығымен жүзеге асырылатын кеңесші-консультативті орган болып саналады. Кеңес 1998 жылы елдегі инвестициялық қызмет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған.
Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады.
Фото:atameken.info