Әскерилерге арналған жалға берілетін арнайы баспаналар салынады
Әскерилерге арналған жалға берілетін арнайы баспаналар салынады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты заң жобасымен әскерилерге баспаналық төлемдер беру тәртібін реттеу қарастырылады.
«Баспана төлемдері жаңа баспана құнының орташа нарық бағасымен есептеледі. Яғни, әскерилерге берілетін баспана төлемдері өңірлер бойынша белгіленбеуі керек. Бұдан бөлек, әскери қызметті атқарудан бөлек әскери қызметі өтеу барысында қайтыс болған әскери қызметшілердің әйелдерін, отбасыларын баспанамен қамту мәселесі де қарастырылып отыр. Яғни, осы санаттағылардың қамтылу аясы кеңейтіледі. Осының арқасында сот орындарына шағымдар саны азаяды деп ойлаймыз. Әйтпесе, қазіргі күні әскери қызметін өтеу барысында немесе қызметтен тыс уақытта қайтыс болғандардың отбасы баспана алу үшін сотқа жиі шағымданады», - деді Т. Мұхтаров.
Бұл ретте министр орынбасары егер әскери қызметкер әскери қызметін өтеу уақытында құқыққа қайшы әрекет ету барысында қайтыс болған болса, онда олардың отбасын баспанамен қамту қарастырылмайтынын атап өтті.
Бұдан бөлек, министрлік өкілі әскерилерді арнайы арендалық баспанамен қамтамасыз ету мәселесі заң жобасымен қамтылып отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұндай тұрғын үйлер құрылысы отандық құрылыс компаниялар мен инвесторлар есебінен салынатын болады.
Қанат Мәметқазыұлы
Фото: www.inform.kz