БҚО-да жалған кәсіпкерлікке қатысты 15 дерек анықталды
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы тек соңғы 5 айдың өзінде жалған кәсіпкерлікке қатысты 15 деректі анықтады, деп жазады 24.kz арнасы.
Аты бар да заты жоқ кәсіпорын құрған төрт адам қазір қамауда отыр. Оңай олжаға құныққандар жалған кәсіпорынның құрылтайшысы ретінде ауыр науқасқа шалдыққан және маскүнемдікке салынған адамдарды пайдаланған. Алаяқтардың байлыққа жету жоспары тым қарапайым.
Тапсырыс берушілер мұндай жалған кәсіпорындарға «жасалған жұмыс үшін» деген желеумен миллиондаған теңге қаржы аударады. Алалаяқ мекеме аталған қаржының 5%-ын өзінде қалдырып, қаржыны қайтарып береді. Қылмыстық істерді тергеу нәтижесінде мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам залал келгені анықталды. Бұл соманың 80 миллионы сотқа дейінгі шаралар барысында қайтарылып алынды. Бір ғана қылмыстық істің нәтижесінде ел бюджетіне 650 миллион теңге түспей қалған.
Нұрлан Мақатов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Жалған кәсіпорын құру дерегі бойынша Дүйсекенов деген азамат жауапқа тартылды. Ол Құбалиева және Оразғалиева деген азаматшалармен өзара келісу арқылы Орал қаласының аумағында 4 бірдей жалған кәсіпорын құрып, Қазақстанның әртүрлі өңірлерімен келісім-шарттар жасасқан. Алайда оның бәрі жалған екендігі тергеу барысында анықталды.
Фото: www.inform.kz