ЕАЭО Кеңесі кезінде сауда-саттыққа кедергі келтірген жүз құжат алынып тасталды
Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Бес ел басшысы жиналған жиында маңызды 14 тақырып көтерілді. Қарым-қатынастың аяқ алысы пысықталды. Одақ құрылған екі жылда ілкімді істер істелді, қол жеткен нәтижелер де баршылық. Десе де стратегиялық серіктестестер арасындағы сауда-саттық әлі де ақсап тұр. Мемлекеттер арасындағы еркін тауар айналымына шектеу қойылған. Мұны Беларусь Президенті Александр Лукашенко қадап айтты, деп жазады Алматы телеарнасы.
Жаһандық жағдай Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысына кедергі келтіргені рас. Құрамына 5 ел кіретін ұйым осыдан екі жыл бұрын құрылған. Атауы сан рет өзгергенімен, Одақтың мақсаты бастапқыдан бір болды. Мүшелік ететін елдер арасындағы сауда-саттықты дамыту, алпауыт елдер алдында тауар айналымы жағынан төтеп беру. Десе де бұл мақсатқа әлі де қол жеткізе алмай отырмыз. Мұны жиын барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко атап өтті.
"Біздің елдер арасындағы сауда-саттық айналымы құлдырап бара жатыр. Мәселен, 2012-2013 жылдар арасында 65 миллиард долларды құраса, 2015 жылы бар болғаны 45 миллард долларға жеткен. Біз өзара мемлекеттер арасындағы кедергілердің барлығын алып тастап, еркін саудаға жағдай жасауымыз қажет. Сонда ғана біз Қытай және Еуропа нарығымен бәсекелес бола аламыз",- деді Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко.
Әріптесінің пікірін Нұрсұлтан Назарбаев болашақтағы Одақ жұмысында ескеретіндігін жеткізді. Жоспарда Сербиямен уағдаласу бар. Сондай-ақ Моңғолия, Перу, Чили Үкіметтерімен келіссөздер жүргізу - алдағы уақыттың еншісіндегі тірліктер. Кеңес кезінде сауда-саттыққа кедергі келтірген 422 құжаттың 100-ден астамы алынып тасталды. Одақтың бүгінде шамамен 182 млн тұтынушысы бар.
"Еуразия экономикалық одағының біріктірілген нарығы Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы буынға айналуға міндетті. Біздің Одақ аясындағы тауарлар мен қызметтерді еркін ілгерілету Қытай басшысы ұсынған «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бастамасымен сәйкес келеді",- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Әлеуетті әріптестердің қатарына Үндістан, Мысыр, Израиль де іліккісі келеді. Бүгінгі ең негізгі қол қойылған мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру тұжырымдасы. Оған сәйкес, одақтас елдердің энергетикалық компаниялары серіктестерінің мұнай инфрақұрылымына кемсітушіліксіз қол жеткізеді. Қара алтынды экспорт салығынсыз нарықтық бағамен сатып ала алады. Айта кетейік, бестіктің келесі кездесуі келер жылы Мәскеу қаласында өтетін болды.
Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов
Фото: www.ritmeurasia.org