Ақтауда газ бағасын екі есе көтерген кәсіпкерлер жазаланбақ
Ақтауда сұйытылған газ бағасын екі есе көтеріп, 50 теңгеден сатқан кәсіпкерлерге қатысты тексеру жұмыстары басталды, деп жазады 24.kz арнасы.
Құзырлы орган олардың әрекетін заңсыз деп есептейді. Өңірдегі 12 газ құю бекетінің басшылары өзара келісімге келіп, бағаны негізсіз көтерген.
Егер олардың кінәсі дәлелденсе, ірі мөлшерде айыппұл төлейді. Мұнайлы өңірде көктемнен бері сұйытылған газ тапшы. Жаңаөзендегі мұнай өңдеу зауыты ішкі сұранысты қамту үшін көгілдір отын экспортынан да бас тартқан.
Кәсіпорыннан шығатын 12,5 мың тонна газ бүгіннен бастап маңғыстаулық кәсіпкерлерге ғана сатылып жатыр. Соған қарамастан, сұйытылған отынды зауыттан 6 теңгеден алып, 27 теңгеге саудалап жүрген кәсіпкерлер бір күнде бағаны екі есе өсіріп жіберген.
Бақытжан Бекмұратов, облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Қазір кәсіпкерлердің бағаны өсіру туралы құпия келісім жасағанын дәлелдейтін айғақтарды жинап жатырмыз. Егер олардың бағаны негізсіз көтергені расталса, өте ірі көлемде айыппұл саламыз. Шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері монополистік қызметтен түскен табыстың 3 пайызын, ал ірі кәсіпкерлер 5 пайыз көлемінде айыппұл төлейтін болады.
Фото: 24.kz