Қызылорда облысында 12 апатты мектептің орнына жаңасы бой көтереді
Қызылорда облысында апатты жағдайда тұрған 12 мектептің орнына жаңа ғимараттар салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BNews.kz.
Облыстық мәслихат сессиясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осылай мәлім етті.
«Өңірде соңғы бірнеше жылда апатты мектептер мәселесі шешімін тауып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда 25 жаңа мектеп бой көтерген. Енді бюджет қаржысы есебінен қалған он екі білім ошағының құрылысын бастау жоспарланып отыр», - деді ол.
Қызылорда облысында апатты мектептердің барлығы шалғай ауылдарда орналасқан, олардың орнына шағын ғимараттар бой көтереді. Алғашында оларды МЖС негізінде салу жоспарланған еді, алайда кейін бұл экономикалық жағынан тиімсіз болып шықты.
Апатты білім ошақтарының орнына тұрғызылатын жаңа ғимараттарда үлкен спортзал, технологиялық жағынан жабдықталған асханалар мен компьютер кабинеттері орналасады.
Облыстық білім басқармасынан мәлімдегендей, биыл облыстың 71 мектебін «E-Learning» электронды оқыту жүйесіне қосу және қажетті жабдықпен жарақтандыру үшін облыстық қазынадан 150 млн теңге бағытталған. Ал бұған дейін аудандық және қалалық бюджет есебінен 52 мектеп қосылды. Бүгінде өңірдегі 123 білім ошағы «E-Learning» электронды оқыту жүйесімен қамтылған.
Қызылордада ескіріп, тозған пәтерлерде тұратын азаматтар үшін тағы бір 60 пәтерлі баспана бой көтереді. Жаңа тұрғын үйге алпыс отбасы қоныс аудармақ.
Облыстық мәслихат сессиясында мәлімделгендей, құрылысқа ақша бөлу мәселесі шешілді, жоспар бойынша үй келесі жылы салынады.
Фото: www.time.kz