Мемлекет басшысы Қазақстан халқына мәлімдеме жасады
Өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында діннің атын жамылған бір топ террорист елдің тыныштығын бұзды. Ол туралы баршаңыз білесіздер. Бірақ, мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталар сәтте қанды қылмыс жасағандардың арам ниеттері іске асқан жоқ. Құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері үлкен қатердің бетін қайтарды. Террористердің көпшілігінің көздері жойылды, бірқатары қолға түсті, қалғандарын тиісті органдар іздеп тауып, олар заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатын болады. Қазір халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ, жағдай толық бақылауға алынды.
Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда.
Тәуелсіздікті жариялау бар, ал оны қорғап, нығайту және дамыту одан да жауапты іс. Ел бірлігі, ішкі тыныштық сол үшін керек. Мен мұны ылғи айтып келемін. Ел ішіне бүлік салудың, «түсті революциялардың» талайын басқа елдерден көріп, біліп отырмыз. Ол лаңкестік әрекеттерден, көшеге шығып шулаудан басталады. Одан конституцияға қарсы шығады да, аяғында мемлекет күйреп, халық аш-жалаңаш қалады. Мұның бәрін біз көріп, біліп, байқап отырмыз.
Біріншіден, біз кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек. Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел тыныштығын сақтамасақ мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз. Сондықтан барша халық болып бірігіп, елді сақтауды ойлауымыз керек.
Қымбатты қазақстандықтар!
Ел іші бүтін болмаса, ел де болмайды. Қазір – нағыз елім, жерім деген отансүйгіштікті көрсететін уақыт. Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді. Қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім – ең басты байлығымыз. Біз тәуелсіздігіміздің тірегі болған бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаймыз.
Мен Қазақстан халқы дүниедегі дағдарыс және бүгінгідей жауапты шақта тағы да барша әлемге елдігі мен бірлігін паш етеріне сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Фото: akorda.kz