Павлодарлық кәсіпкер картоптың жаңа үш түрін өсіруді қолға алды
Павлодар ауданы Набережное ауылының «Андас» ШҚ картоптың жаңа үш түрін өсіруді қолға алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Андас» ШҚ-ның басшысы Зейнолла Сәлменбаев биыл Голландия мен Белорусиядан картоптың жаңа тұқымын әкелді.
- Көктемгі егіс науқанын 25 сәуірде бастап, бір айдың ішінде аяқтадық. 210 гектарға «абако» сұрыпты сәбіз және 530 гектарға картоп отырғызылды. Биыл картоптың жаңа «манифест», «вега» және «гала» сұрыптарын әкелдік. Олар 70-75 күннің ішінде өсіп шығады және бір түптен 25 картопқа дейін өнім бере алады. Жоспар бойынша алғашқы картопты тамыздың басында ала бастаймыз. Қазіргі уақытта өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы бір гектардан 40 тонна өнім алдық. Бұйыртса биыл одан да көп болар, - деді Зейнолла Сәлменбаев.
Жалпы шаруа қожалығы 17 жыл бұрын ашылып, жұмысын 50-60 гектар жерден бастаған. Бүгінгі күні кәсіпкердің иелігінде алты мың гектарға жуық жер бар. Оның 1200 гектары - суармалы жерлер. Алдағы уақытта «Андас» ШҚ-нің басшысы оның көлемін екі мыңға дейін ұлғайтпақ. Мұнда 50-ге тарта адам жұмыс істейді. Өнімнің басым бөлігін Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Астанаға жіберіледі. Бұдан басқа, шаруашылық жылда жаңа техника алып тұрады. Өткен жылы сәбіз сақтайтын үш мың тонналық қоймаға тоңазытқыш орнатылған. Сонымен қатар, 250 мың еуроға тоңазытқыш жабдықтары сатып алынып, 20 мың тонна көкөніске арналған қойма толықтай автоматтандырылған.
Назым Қарабаева
Фото:pavlodarnews.kz.