Мирхан Тәжібаев өз әріптесінің кезекшілігін алмастырған кезде мерт болды
Мирхан Тәжібаев өз әріптесінің кезекшілігін алмастырған кезде мерт болды. Ол 5 маусым күні демалып, келесі күні жұмысқа шығуы тиіс еді. Бірақ әріптесінің өтінішін екі етпеген 32 жастағы М.Тәжібаев «Паллада» қару-жарақ дүкенінен түскен жедел шақыртуға барып, бірінші боп оққа ұшты. Бұл туралы әкесі Есенбай Тәжібаев айтты, деп хабарлайды Bnews.kz.
Мирхан Тәжібаев 1984 жылы дүние келген. Үйленбеген. Бірер ай бұрын ғана жедел күзет қызметіне жұмысқа алынды. 5 маусым күні ол демалуы тиіс еді. Бірақ әріптесі кезекшілікті алмастырып, ертеңгі күні емес, дәл оқиға кезінде жұмысқа шығуын сұраған екен.
«Балам жұмысқа шығып, мен оны түскі үзілісте күтіп отырған едім. Үйге келіп, тамақ ішіп кететін. Бірақ бұл жолы кешігіп, мен телефон шалдым. Сол кезде «кейін барамын» деп тұтқаны қоя салды. Соңғы сөзі осы. Көп ұзамай хабар келіп, мен оқиға орнына бардым. Көрсетпеді, жанына бара алмай қалдым. Кейін қаза болғанын айтты»,- дейді әкесі Есенбай Тәжібаев.
Мирхан Тәжібаев үш ұлдың кенжесі. Мектеп бітірген соң ол Ақтөбе байланыс колледжінде білім алды. Оның анасы осыдан 10 жыл бұрын қаза болған. Әкесіне қарап, оны жалғыз қалдырмауды ойлаған Мирхан алысқа ұзамай, үнемі жанынан табылатын.
«Өзім запастағы әскери қызметкермін. Мирхан әскери бөлімде өскен адам. Ал бүгін ол жоқ. Шын мәнінде, ең бірінші болып менің балам оққа ұшты. Ол елдің, халықтың тыныштығын ойлады, жұмысына адал болды»,- дейді әкесі Е.Тәжібаев.
Мирхан Тәжібаев 7 маусым күні жерленді. «Баламды маңдайынан бір иіскейін» деген әке тілегі де орындалмаған. Оған рұқсат жоқ.
«Төбемізден найзағай түскендей болды. Айтатыным, ерлігін білсе екен. Кеудесін оққа тосты, жас болса да қорықпады, тайсалмады. Оның бұл ісі көпке, жастарға үлгі. Заманымыз тыныш болсын!»,- дейді апасы Ақзира Әділова.
Фото: Bnews.kz.