Бердібек Сапарбаев лаңкестермен күрескен 10 қызметкерге алғыс хат берді
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев лаңкестермен күресте кәсіби шеберлік танытқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мен облыстық Ішкі істер департаментінің 10 қызметкеріне алғыс хат берді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.
5-12 маусым аралығында құқық қорғаушылар демалыссыз, үздіксіз жұмыс істеді. Бір апта бойы қалтқысыз қызмет еткен құқық қорғаушылар мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев марапаттады. Сонымен қатар, өңір басшысы Бас прокурор Жақып Асановқа, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа және ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақановқа өз ризашылығын білдірді.
«Террорлық акт кезінде әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар қаза болып, біз үшін және еліміз үшін ауыр сынаққа айналды. Айта кету керек, күш құрылымдары террористерге қарсы тұрып, кәсіби шеберліктерін, ауызбіршіліктерін көрсете білді. Сіздер Мемлекет басшысының лаңкестерді құрықтау туралы тапсырмасын абыроймен орындап шықтыңыздар. Нәтижесінде антитеррорлық операция аз уақыт ішінде аяқталып, лаңкестер тобы жойылды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
«Ақтөбе-ақпарат» орталығының хабарлауынша, өңір басшысы өзге аймақтардан келген арнайы жасаққа кәсіби шеберлік танытып, лаңкестерді ұстау кезінде көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ақтөбеліктердің атынан қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақталып, бейбіт те тыныш өмірдің қайта орнағанына рахмет айтты. Өз кезегінде ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков террорлық операция облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен сәтті аяқталғанын жеткізді.
Фото: www.altyn-orda.kz