Павлодарда үш жігіт той алдында жекежайдан миллион доллар мен қымбат сағат ұрлаған
Павлодардың Лесхоз ауданында жекежай иелері терезе арқылы үйге кірген ұрылар келтірген шығынды 188 миллион теңгеге бағалады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл утралы агенттікке облыстық соттың ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Жанар Жұматаева мәлім етті. Сот алдында 21-30 жас аралығындағы жігіттер жауапқа тартылды. Олардың екеуі бұрын ұрлық үшін сотталған. Іс материалдарына сәйкес, осыдан бір жыл бұрын жұмыссыз жүрген жігіттер медициналық бетперде мен қолғап киіп, жекежайға бірінші қабаттағы терезе арқылы кірген. Олар киімдер орналасқан бөлменің сейфінен бір миллион АҚШ долларын, жатын бөлмеден құны 7 239 еуро тұратын Ulysse Nardin және 3,5 мың доллардың Raymond сағатын ұрлаған. Кейін өздері түсіп қалған видеодомофонды жұлып алып, үйден шығып кеткен. Ұрылар ақшаның негізгі бөлігін ата-анасына берген. Қалғанын бөліп алып, Боровое мен Астанада қымбат қонақ үйлерде тоқтап, ойын-сауық пен демалысқа жіберген. Осылайша, бес күннің ішінде 30 мың долларды жұмсап үлгерген.
Ал, шипажайда болған 10 күнде қанша ақша кеткені белгісіз. Осы уақытта баласы қалдырған ақшаға бір сотталушының ата-анасы үй, пәтер және көлік сатып алып, Астанада болатын тойдың шығынын жауып отырған. 21 жастағы жігіт қыркүйек айында үйленуі керек еді. Жас жігіт тойына қымбат костюм, қалындық көйлегін және жүзік сатып алған. Алайда, жігіттер жекежайдан жұлып әкеткен видеодомофоннан басқа үйде тағы да бірнеше құрылғы орнатылғанын ескермеген.
Олардың қылмысын үйдегі екі камера әшкерелеген. Осы арада тергеушінің видео жазылған флешканы жоғалтып алғанын айта кету керек. Бірақ, үй иелері сотқа бірнеше нұсқа жасаған дәл сол видеоны ұсынған. Кейін белгілі болғандай, бұрын сотталмаған жігіт полиция қызметкерлеріне ұрлыққа қатысы бар екенін айтып, қолында қалған 30 мың долларды және оның әкесі ұрланған ақшаға сатып алған Renault Duster Privilege көлігін қайтарды. Тінту хаттамасына сәйкес осы жігіттің үйіне кіру үшін полиция қызметкерлеріне есікті бұзуға тура келген. Бұл кезде шомылу бөлмесінде болған ол әйелімен ұрысып қалып, өзінің мойынын, ішін және білегін кескенін айтқан.
Тінту шаралары нәтижесінде үйден жаңадан сатып алынған теледидар, шаңсорғыш және кір жуатын машина тәркіленген. Ал, азаматтық некедегі әйелі 10 мың доллар мен ұрланған ақшаға алынған қымбат киімдерін қайтарды. Екінші күдіктінің пәтерінен полиция қызметкерлерімен үй техникасы, шоттарға ақша аударылған түбіртектер, үйлену тойына арналған шақырулар, бір байлам кілт пен құрал-саймандар тәркілеген. Бұдан басқа, ұрлықтан кейін әкесі сатып алған Nissan Centra көлігі де тәркіленді. Үшінші жігіттен планшет, ноутбук және қымбат ойын приставкасы алынды.
- Павлодар қаласының №2 соты үшеуін де ҚР ҚК-нің 188-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша айыпты деп шешті. «Аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін» жігіттердің екеуі алты жыл тоғыз айға, ал үшіншісі жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Олар қатаң тәртіптегі колонияда мерзімін өтейтін болады. Бірақ мүліктері тәркіленбейтін болады. Жәбірленушіге 40 мың доллар ғана қайтарылды. Десе де, ол келтірген залал үшін талап арыз ұсынбады. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деді Жанар Жұматаева.
Фариза Қазыбекқызы
Фото: ria.ru