Жыл басынан бері 61 келіден астам героин тәркіленді
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 1,6 тонна есірткіні тәркіледі. Оның 61 келіден астамы героин. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Есірткіге қатысты шешімін таппаған екі мәселе бар. Қазақстан жері арқылы ауған героині тасымалданады. Сонымен қатар, Шу алқабындағы қарасора өсетін алқап бар. Бұл алқаптың жалпы аумағы – 140 мың гектар. Контрабандамен күресте шекара және кеден қызметкерлерінің рөлі өте зор. Сондықтан оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Ал полиция алдын-алу шараларын өткізіп, есірткі заттарының ел ішінде таралмауын қадағалайды», - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері есірткімен күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген.
«Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 1618 есірткі қылмысын тіркеген. Оның 1101-і есірткіні өткізуге қатысты. Жалпы 1,6 тонна есірткі тәркіленді. Оның 61 келіден астамы героин. Сондай-ақ, осы жылы есірткі бизнесіне қатысты 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың көшбасшылары мен көмекшілері ұсталды. Барлығы 17 қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында еліміздің бірқатар өңірінде героиннің ірі партиясы тәркіленді. Сондай-ақ, елімізде жыл сайын Шу алқабында есірткіге қарсы «Көкнар» операциясы жүргізіледі», - деп көрсетілген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан шетелдік мамандармен де тығыз байланыс орнатқан.
«ҚР ІІМ тәжік, қырғыз, ресейлік әріптестерімізбен жақсы байланыс орнаттық. Олармен есірткі трафигін жою бойынша 9 арнайы операция өткізілді. Тәркіленген есірткінің көлемі – 143 кг. Оның – 5 кг героин. Орта Азия елдерімен бірлесе отырып, 2 арнайы операция жүргізілді. Соның нәтижесінде, Қырғызстан құқық қорғау органдарының көмегімен Жамбыл облысында қырғыз азаматын 15 кг героинмен ұстадық. Ал тәжік полицейлерімен ақпарат алмаса отырып, Петропавл қаласында тәжікстандық азаматты 39 кг есірткімен қолға түсірдік. Өткен жылы тәркіленген есірткінің көлемі 35%-ға артты», - деп түйіндеді мамандар.
Фото: otravleniy.net