Индустриаландыру картасының жобалары дағдарыстың күшеюімен тұрақтылығын көрсетіп отыр
Қазақстанда Индустриаландыру картасы аясында алты жылда 898 жоба пайдалануға берілді, деп мәлімдеді сейсенбідегі Үкімет отырысында ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев. Бұл туралы zakon.kz, primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап жазады.
«6 жылда Индустриаландыру картасы бойынша 898 жоба пайдалануға берілді, оның ішінде 2015 жылы 128 жоба. Олардың 80%-ы жаңадан құрылған өндіріс жобалары болса, қалған 20%-ы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған. 2015 жылғы ЖІӨ өсімінің үштен бірі карта жобаларының есебінен алынды», - деді Ә.Исекешев.
Оның айтуынша, жалпы Индустриаландыру картасының жобалар арқылы бұрын Қазақстанда өндірілмеген өнімнің 500 түрі шығарылған. Олардың қатарында жолаушылар және жүк вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратурасы, диодтты шамдар, титан құймалары, дәрілік заттар, сүт өнімдері және басқа да көптеген өнімдер бар.
«Барлық 900 жобаның 70%-ы тұрақты жүктемеге ие. 74 жоба төмен жүктемеде жұмыс істеуде. 21 жоба тоқтап тұр – бұл жалпы енгізілген жобалар санының 2%-ын құрайды. Жалпы көлемнің 1%-ға жуығы жеке инвестиция есебінен. 2016 жылы 120 жобаны енгізу жоспарланған. Жалпы Индустриаландыру бағдарламасы экономикада тұрақтандырушы рөл атқарды», - деді Ә.Исекешев.
Оның мәліметінше, егер 2010-2014 жылдары Индустриаландыру картасының жобалары барлық өнеркәсіп өндірісінің 10%-ын берсе, дағдарыстың күшеюімен бұл жобалар тұрақтылығын көрсетіп отыр. 2016 жылдың 1 тоқсанының қортындысы бойынша бұл жобалар өндіретін барлық өнімнің 20%-ын беріп үлгерді.
Фото: bnews.kz