Алматыда 120-дай саяжай учаскесін су басты
Алматыда Қарғалы өзені тасып, «Энергостроитель» және «Теплоэнергетик» саяжай қоғамына қарасты 123 учаскені су басып қалды, деп хабарлайды BNews.kz.
«3 шілдеде ЖЭО-2 солтүстігінде орналасқан екі саяжай қоғамында учаскелерді су басқаны туралы хабар келіп түсті. Алдын-ала ақпарат бойынша, аталған учаскеде Қарғалы өзені диаметрі 1 000 метрлік үш құбыр арқылы өтеді. Соның екеуі әртүрлі тұрмыстық қатты қалдықтармен бітеліп қалған. Құбырдың аузына көп мөлшерде жиналған су бітеліп қалған құбырдың біреуін бұзып өтіп, салдарынан өзен арнасы суға толып, саяжай учаскелерін басып қалған», – деп мәлім етті Алматы ТЖД өкілдері.
Ведомствоның айтуынша, «Энергостроитель» қоғамында – 38 учаске, ал «Теплоэнергетикте» 85 учаске суға кеткен.
Су басқан учаскелерді судан тазарту үшін жеке құрамның 43 қызметкері, 14 бірлік инженерлік техника және 5 су сорғы жұмылдырылған.
Алматы ТЖД болса, «Қазгидромет» орталығының болжамына сүйене отырып, 4 шілдеде және одан кейінгі тәулікте жауын-шашын түсетіндіктен, Алматы облысында су тасқыны орын алып, сел жүруі мүмкін екенін ескертіп отыр.
Фото: informburo.kz