Армияшы спортшылар Қазақстанның қоржынын «күміс» және «қола» медальдармен толықтырды
ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшылары халықаралық сайыстарға қатысқаннан кейін Қазақстанға келді. Біздің әскери қызметшілер таулы үшсайыс және әскери-қолданбалы көпсайыс бойынша ТМД достастық армиясының екі чемпионатында күш сынасып, күміс және қола медальдарды қанжығаларына байлады, деп жазады zakon.kz, ҚР Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Сонымен, Кабардин-Балқарда таулы үшсайыс бойынша ТМД достастық армиясының чемпионаты өтті. Оған Ресей Федерациясы, Оңтүстік Осетия мен Қазақстанның командалары қатысты. Таулы даярлық бойынша ҚР ҚМ АОСК штаттық командасының спортшылары кіші сержант Артем мен Никита Девятериковтар, сондай-ақ, АОСК спорт ротасының қатардағы жауынгері Роман Костюков Қазақстан армиясының намысын қорғады. Чемпионат үш кезеңде өтті.
Бірінші – жеке өрмелеу және екі адамның байлаулы күйде өрмелеуі. Екінші кезеңде спортшыларға 12 кедергісі бар қатты жүріп өтілген жерде 370 метрді еңсеруге тура келді. Таулы үшсайыстың үшінші кезеңі штаттық қарудан оқ атумен 5 шақырымдық марш жүгіру болды. Әрбір спортшы иықтағы 15 келілік жүкпен толық әскери жарақтандыруда өнер көрсетті. «Біз үшін ең күрделі кезең кедергілер жолағы болды. Өйткені, ол жерде бір нәрсеге алаңсыз ойлануымызға мүмкіндік болған жоқ. Кедергілердің әрбіреуіне барынша күш-жігерімізді салу қажет болды. Жалпы, біз нәтижемізге разымыз. Талпынатындай бағыт-бағдарымыз әрі жұмыс жасайтындай кемшің тұстарымыз да баршылық», - деді команда капитаны кіші сержант Артем Девятериков. Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте біздің команда екінші орынға ие болды. Спортшылар Оңтүстік Осетияның құрамасын шаң қақтырды. Алайда, ресейлік спортшылардың командасына жол берді.
Бірден 9 шілде күні Минскіде (Беларусь) әскери-қолданбалы көпсайыс бойынша ТМД достастық армиясының чемпионаты аяқталды. Мұнда армиялық спортшыларымыз Ресей, Беларусь, және Қырғызстанның әскери қызметшілерімен сайысты. Жарыстар спорттың бес түрі бойынша өтті. Белтемірге тартылу, қашықтыққа Ф-1 гранатасын лақтыру, 400 м, 100 және 3000 метрге жүгіру үйлесімінде кедергілер жолағын еңсеру. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының әскери қызметшілері жүлделі орындарды Ресей және Беларусь командаларымен өзара бөлісті.
Фото:www.mod.gov.kz