Алдағы тәуліктерде Қазақстан аумағында күн ысып, жаңбыр жауады
Республиканың басым бөлігінде атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты нөсер жауын жауып, жел соғады деп күтілуде. Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста күн ашық болады, деп жазады «Қазақстан» ҰТА.
Қазгидрометтің хабарлауынша, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, күндіз Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде желдің күші секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз кей аймақтарда тұмен түседі. Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарының бірқатар аймақтарында аптапты ыстық болады.
Ал, Алматы, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде өрт қауіпі туындауы ықтимал.
Алдағы тәуліктерде еліміздің оңтүстік пен оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі таулы аймақтардағы өзендерде судың деңгейі арта түседі. Іледен Қапшаға су қоймасына келетін су мөлшері арта түседі. Ертіс өзенінде керісінше су деңгейі төмендейді.
Фото: getbg.net