Бойжеткен майдангер атасының орден-медальдарын жымқырып кеткен
Павлодардың тәртіп сақшылары Ұлы Отан соғысы ардагерінің медальдарын ұрлап кеткен 21 жасар бойжеткенді ұстады, деп хабарлайды BNews.kz.
Облыстық ІІД баспасөз қызметкері Баян Мағзұмованың мәлімдеуі бойынша, күдікті ретінде ұсталған қыз марқұм болған соғыс ардагерінің өз немересі болып шыққан. Ол медальдарды ардагердің жесірінің пәтерінен жымқырып кеткен.
«Полицияға 84 жастағы зейнеткер шағым түсірді. Ол қайтыс болған күйеуі – Ұлы Отан соғысының ардагерінен қалған 2 орден мен 15 медальді, сондай-ақ 50 мың теңге ақшасын ұрлап кеткенін айтты. Бойжеткен ұрланған ақшаны жұмсап жіберген», – деді Б.Мағзұмова.
Зардап шеккен әжейдің айтуынша, сол күні пәтеріне немересі күйеуімен бірге келген. Олар кеткен соң ақша мен медальдардың жоғалғанын байқайды.
Полицейлер аталған азаматшаны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Одан ұрланған орден-медальдар алынды. Күдікті кінәсін мойындады. Тергеу ісі жалғасуда.
Фото: www.kt.kz