Павлодар облысында Ертіс өзенінде балықтың қырылу себептері анықталып жатыр
Ақсу және Май аудандарында балық жағалауға жақын жүзіп келіп, оны қолмен ұстап алуға болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы бейнені бүгін қоғамшыл-эколог Ержан Оразалинов өзінің Facebook-гі парақшасында жария еткен. Авторының айтуынша, бейне ақсу қаласындағы қайық станциясы маңында түсірілген. Балықшылар жексенбі күні Ертістің түбінде қызыл дақтар пайда болып, кейін балық жағалауға жақындап, кейбіреуі су бетіне қалқып шыға бастағанын алға тартты. Дәл осындай жағдай Май ауданында да орын алды. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, ведомство экология және тұтынушылар құқығын қорғау департаменттерімен бірлесіп балықтарға не болғанын анықтап жатыр.
- Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті радиологиялық және ауыр металлдардың мөлшерін білу үшін судың үлгісін алған. Нәтижесі ертең түстен кейін белгілі болады. Орман және аң аулау шаруашылығы инспекциясы оқиға болған жерге барды, бірақ балықтың қырылуын байқамады. Біз жағдайды бақылауға алдық, - деді Әйгерім Қабылтаева.
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Қаршыға Арыновтың пайымдауынша, экологиялық апат туралы айтуға әлі ерте.
- Алдын-ала болжам бойынша балықтарды су бетіне шығуға оттегінің жетіспеушілігі мәжбүрлеп отыр. Бұл немен байланысты екенін әлі анықтап жатырмыз. Балық пен судың үлгісі Павлодар қаласындағы ұлттық сараптама орталығына жіберілді. Суға қатысты нәтижені ертең аламыз, ал балық жөнінде ақпарат бейсенбі-жұма күндері ғана дайын болады. Қалалық су арнасы өз зертханасында сағат сайын судың құрамын тексеріп отыр. Талдау қорытындысына сәйкес су ішуге жарамды. Негізі, ағып жатқан Ертіс өзенінің үлкен бөлігінде аталмыш жағдай тіркелмеген, бұл жағдай кішігірім қойнауда орын алды. Мамандар болған жағдайды жақында су деңгейінің көтеріліп, тез арада қайта түсе бастағанымен байланыстырады. Дегенмен, анығын сараптамадан соң ғана айта аламыз, - деді Қаршыға Арынов.
Фариза Қазыбекқызы
Фото: pavlodarnews.kz.