Павлодар облысында бір айдың ішінде қанттың бағасы төрт рет өсті
Павлодар облысында бір айдың ішінде қанттың бағасы төрт рет өсті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында кәсіпкерлік басқармасы сауда саясаты бөлімінің басшысы Жанат Кенина мәлім етті.
- Республикадағы жалғыз қант өндіретін Орталық Азия қант корпорациясы қанттың бағасын жоғарылатқан. Маусым айында баға 221-ден 235-ке дейін төрт рет өзгерген. Бүгін облыстың көтерме саудагерлері қанттың бағасы тағы да бес теңгеге көтерілгенін айтты. Сондықтан, бағаны нақты білу үшін қант корпорациясына сауалхат жібердік. Негізі тәтті тағамға бағаның жоғарылауын корпорация шикізаттың қымбаттағанымен байланыстырады. Облыстың көтерме саудагерлері «Фирма «Ефрем» ЖШС, «Альянс центр» ЖШС, Калашников ЖК-і қантты вагонмен сатып алады. Бір вагонда 68 тонна қант бар. Кейін оны басқа нүктелерге сатады. Бірақ біз олардың бағасына шек қоя алмаймыз, тек қана шартқа отырған әлеуметтік дүкендердің ғана бағасын қадағалаймыз, - деді Жанат Кенина.
Айта кетерлігі, Затон базарында бірнеше күннен бері қант сатылмай жатыр. Сонымен қатар «Гринвич» гипермаркетінде бұл өнім мүлдем жоқ. Ал «Лидер» мен «Смолл» дүкедерінің кейбір филиалдарында ғана қант бар. Бүгінгі күні қанттың бағасы дүкендерде орташа есеппен 270-290 теңгенің маңында.
Назым Қарабаева
Фото: sugar.ru