Павлодарда Ертіс өзенінде балықтардың өлуінің бірнеше себептері аталды
Бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мамандар Ертіс өзенінде балықтардың өлу себептерін түсіндірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ирина Сорокинаның айтуынша, Май, Лебьяжі аудандары мен Ақсу қаласына қарасты Ертіс өзенінен сынама алынды.
- Павлодар облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті судың сынамасын алып тексерді. Алдын - ала ақпарат бойынша, суда жайылған оттектің мөлшері үш есе азайған. Соның салдарынан органикалық кірлеу орын алған. Судағы фтор, темір, қорғасын мөлшері нормаға сай. Су адамдардың өміріне қауіп келтірмейді. Ал, судың түсі неліктен өзгеріп кеткені жөнінде айта алмаймын. Балық сынамасының қортындысы 15 шілде күні дайын болады, - деді Ирина Сорокина.
Ал, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Серік Апсаликовтың айтуынша, ауа райының күрт ысуы балықтардың зардап шегуіне әкеліп соққан.
- Судың көрсеткіші тұрақты. Яғни бұл нұсқау шегеріледі. Судағы оттегінің азаюы және ауа райының күрт ысуы балықтардың зардап шегуіне себеп болуы мүмкін. Алдағы уақытта барлығы анықталады, - деді Серік Апсаликов.
Абзал Қабдраш
Фото: proufu.ru