Компания ақшасын букмекер кеңсесіне ұттырған ақтөбелік полицейлерді алдаған
Ақтөбеде компания ақшасын букмекер кеңсесіне ұттырып жіберген қала тұрғыны полицейлерге тоналғаны туралы жалған ақпарат берген, деп хабарлайды Bnews.kz.
Ол қаладағы орталық стадион маңында тұрып, полицияға қоңырау шалған.
«Кешкілік 102 нөміріне 22 жастағы қала тұрғыны телефон шалды. Ол өзін белгісіз адамдардың ұрып-соққанын және ақшасын ашық түрде тартып алғанын хабарлады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен жол-патрульдік қызметтің жасақтары барды. Жүргізілген жедел тергеу іс-шаралары нәтижесінде бұл азаматтың полицияға жалған хабарлама бергендігі анықталды»,- дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы Алмат Иманғалиев.
Айта кетейік, тергеу кезінде оның қаладағы жеке компаниялардың бірінде жұмыс істейтіні, серіктестіктің қаржысын букмекер кеңсесінде ұттырып алғаны белгілі болды.
«Құмар ойынға салынған жас жігіт осылайша тығырықтан шығар жол іздеген. Оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру» бабымен іс қозғалды. 22 жастағы жігітке 63 мың теңге айыппұл салынды»,- дейді А.Иманғалиев.
Фото: vk.com