Қарағандыда сотталған ер адам көпірден секірмек болды
Қарағанды қаласының темір жол вокзалы аумағында полиция көпірден секірем деп қорқытқан 33 жастағы ер адамды төменге түсірді, деп оқиға орнынан хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
Ер адам көпір қанатына мініп алып, сол жерден келіссөздер жүргізген. Полицияны да өзі шақырғаны белгілі болды. Одан бөлек, прокурор мен туыстарын шақыруды талап еткен. Полиция қызметкерлерінің өтінішімен, оның әйлі келді. Дәрігерлер мен психологтардың көмегі қажет болған жоқ. Полициямен сөйлескен соң, ер адам көпірден түсіп, көлікке отырды.
«20 шілде күні таңғы 09:30-да Қарағанды ІІБ жедел басқару орталығының «102» нөміріне 33 жастағы ер адам хабарласып, көпірден секіргісі келетінін айтқан. Оқиға орнына барлық төтенше қызметтер шықты. Ер адамның бұрын ұрлық үшін сотталғаны анықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адамды осындай іске қаржылай қиындықтар итермелеген», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Оның айтуынша, істі талқылау үшін ер адамды оқиға орнынан прокуратураға алып кетті. «Әрекеттің себеп-салдары мен мән-жайы анықталуда», - деп толықтырды Б.Құдияров.
Фото: www.inform.kz