Елімізде жыл басынан бері 50 адамның ажалы пойыздан келді
Ағымдағы жылдың 6 айында елімізде 50 адам пойыз астына түсіп мерт болды. Тек «Астана» стансасының бойында 5 осындай оқиға тіркелді. Бұл туралы ішкі істер желілік басқармасы хабарлап отыр. Тәртіп сақшылары «мұндай қайғылы оқиғалар адамдар немқұрайлылығының нәтижесі», - дейді. Сол себепті полицейлер күн сайын рейд өткізіп, заң бұзушыларды ұстаумен әлек, деп жазады 24.kz арнасы.
Жақында ғана бір бозбала жолды қысқарту үшін тауар пойызының үстімен жүріп өтпек болды. Алайда, ойлағаны жүзеге аспады. Жігіт пойыздың электр сымдарына тиіп кетіп, денесін күйдіріп алған. Айналма жолды пайдалануға ерініп, пойыз астында қалатындар да көп. Соңғы 6 айда олардың саны 50-ге жетті.
Дәулет Әбдікәрімов, «Астана» стансасындағы ішкі істер желілік басқармасы басшысының орынбасары:
- «Астана» стансасы желілік басқармасының учаскесі бойынша 5 өлім тіркелді. Теміржол бойынша, арнайы жерлерден өтпей, пойыздың арасында қалған оқиғалар. Соларды болдырмау үшін арнайы акция өткіземіз. 6 айда. Астанада 3, Шортанды және Есіл станцияларында. Жолды кесіп өтеді, байқамағандықтан пойыздың астында қалады. Пойыз машина секілді тез тоқтай алмайды.
Жолаушылар пойызына ілесіп жүретін арнайы батальон қызметкерлері кинологтармен бірге тәртіпті қатаң бақылайды. Мамандар пойыз ішіндегі есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 233 деректі тіркеп, 600 келіден астам есірткі заттарын тәркіледі. Сондай-ақ, пойызға отырған азаматтар әкімшілік тәртіпті көп бұзады. Вагонда алкогольді ішімдіктер ішіп, халықтың мазасын алатындар да аз емес.
Лиза Қозбағарова, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны:
- Астанада менің балаларым оқиды, студент. Жиі келеміз. Жұмыстары ұнайды, полицейлердің де, барлығы өз міндеттерін атқарады.
Көліктегі ішкі істер департаменті вокзалдармен қатар әуежайларды да бақылайды. Әйтсе де, мұнда жасалатын заң бұзу деректері теміржолға қарағанда әлдеқайда аз.
Теміржан Рамазанов, қалалық әуежай полициясы желілік бөлімінің басшысы:
- Астана қаласының әуежайы арқылы күніне 7-8 мың адам ұшады. Жылына бұл көрсеткіш 3 млн-ға тең болады. Біз жыл басынан бері азаматтарымыз жасаған 226 әкімшілік құқықбұзушылық тіркедік. Олардың арасында қоғамдық орынға мас күйінде келгендер, қоқыс лақтырып немесе басқа адамдарға тиіскендер бар.
Мамандардың айтуынша, вокзалдар мен әуежайларда жасалатын қылмыстарды ашу көрсеткіші 72%-ға жетті. Әр нысанда орнатылған бейнекамералар да оған өз септігін тигізіп отыр. Астана вокзалының өзінде осындай 135 құрылғы орнатылған. Ал, жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылыпты.
Авторлары: Дариға Ташенова, Өмірбек Ізімов
Фото: www.infpol.ru