ШҚО тұрғынын найзағай соқты, «Қазгидромет» металл бұйымдарға жоламауды ескертеді
Шығыс Қазақстан облысында жауған жауын апта соңына дейін тыйылмайды. Бұл – өңір тұрғындарының өміріне қауіпті болуы мүмкін, деп хабарлайды BNews.kz, «Қазгидромет» РМК берген мәліметке сүйеніп.
20 шілде күні Глубоковск ауданы Березовка ауылының 38 жастағы тұрғынын найзағай соғып, мерт еткеннен кейін «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының өкілдері өңір тұрғындарына найзағай кезінде қалай әрекет ету керектігі жайлы нұсқау берді.
«Найзағай ойнаған уақытта далада болсаңыз, саспаңыз, металл бұйымдардың жанына жоламаңыз. Егер де ат не велосипед мініп келе жатсаңыз, дереу түсіп, ағаш қоршаудың жанына, бұтаның түбіне немесе ғимараттың ішіне кіріп жасырыныңыз. Биік ағаштың астына жасырынушы болмаңыз. Сонымен қатар, ұялы телефонмен сөйлесуге болмайды. егер де өзен-көлдің жағасында демалып жатқан болсаңыз, судан шығып, көлікке не шатыр астына жасырыныңыз. Жасырынған орында металл бұйымдар болса, шығарып тастаңыз», - дейді мамандар.
Қазір Шығыс Қазақстан облысында толассыз жауған жауын өңір тұрғындарын әбігерге салды. 20 шілде күні облыс орталығының Аврора көшесі бойындағы үйлерді су басып қалды. Үйлердің ішіне кірген судың деңгейі 65, ауладағы су 85 сантиметрге дейін көтерілді. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің мамандары су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Фото: ren.tv