Лаңкестерге пәтерді жалға алып берген ақтөбелік қамауға алынды
Лаңкестерге пәтерді жалға алып берген ақтөбелік қамауға алынды. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанованың айтуынша, 22 жастағы Мирлан Ердауов қару-жарақ дүкені, әскери бөлімге шабуыл жасаған Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған мен Нұрлан Сейловті жасырып, оларға пәтерді жалға алып берген, деп хабарлайды Bnews.kz.
Мирлан Ердауов үш лаңкесті жасырды деген күдікпен қамауға алынды.
«№2 Ақтөбе қалалық сотына Мирлан Саламатұлын күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтініш келіп түсті. Қылмыстық кодекстің «Қылмысты жасырып қалу» бабы бойынша күдікті деп танылып, өтініш қанағаттандырылды. Ол екі ай мерзімге қамауға алынды»,- дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанова.
Айта кетейік, 22 жастағы Мирлан Ердауов қару-жарақ дүкені, әскери бөлімге шабуыл жасаған Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған мен Нұрлан Сейловті жасырған. Ол оқиғаның мән-жайын біле тұра, 7 маусым күні пәтер жалдап, лаңкестердің тығылып, бой тасалауына мүмкіндік берді. Қылмыстық кодекс бойынша оған алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы ықтимал.
Естеріңізге салайық, 9 маусым күні Ақтөбе қаласындағы қанды қырғынға қатысы бар лаңкестер Некрасов көшесіндегі жалдамалы пәтерде жасырынып отырғаны анықталды. Түнгі сағат 2-де басталған келіссөздер нәтижесіз аяқталып, таңғы сағат 5-тен кете тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғындардың айтуынша, лаңкестер түні бойы «Аллаху акбар» деп айқайлап, оқ атқан.
«Лаңкестердің тізімі шығарылып, аты-жөндері анықталған кезде біздің қолымызға фотолары да тиді. Көршілерім көрген бойда күдіктілердің бірі Әлібек Ақпанбетовты танып қалды. Кейін маған айтып, мен құқық қорғаушыларға хабар бердім. Олар түсініктеме алғанымен аса үлкен қызығушылық танытқан жоқ. Ал кеше олар осында қайта келді»,- деген болатын Некрасов көшесінің тұрғыны Артур Геттинг.
Оның айтуынша, Ә.Ақпанбетов 2 ай бойы пәтер жалдап тұрған. Қарулы қақтығыс болған күні Некрасов көшесіндегі «Отырар» сауда үйі орналасқан 5 қабатты тұрғын үйде ауыз су мен газ ажыратылды. Тұрғындар таңғы сағат 4-тен бастап қауіпсіз жерге көшірілді.
Фото: www.rikatv.kz