Екібастұз ГРЭС-2 станциясында энергия блогын жөндеу жұмысы 84 тәуліктің ішінде аяқталады
Екібастұз ГРЭС-2 станциясының белгіленген қуаты 500 МВт №1 энергия блогы 2016 жылдың 5 шілдесінде 84 тәулікке созылатын күрделі жөндеуге шығарылды. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
-Күрделі жөндеу жұмыстары төрт жылда бір рет өткізіледі. Бүгінде жұмыстың жалпы көлемінің 1/5 бөлігі орындалды. Турбина ашылды, қазандық агрегатының қыздыру беттерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді,трансформатор, генератор және электр қозғалтқыштар күрделі жөндеуден өткізілді,- деді Екібастұз ГРЭС -2 жөндеу жөніндегі бас инженері Серікбай Жалиев.
Жөндеу науқанының уақытылы өткізілуі электрстанциясының күзгі-қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етеді. Жоспарға сәйкес №2 энергия блогын жөндеу жұмыстары 30 маусым күні аяқталған болатын. Жыл басынан бері «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ 2,6 млрд кВт/сағ-тан артық электр энергиясын өндіріп, РФ-на 987 млн.кВт/сағ. көлемінде экспорттады.
Фото: Рavlodarnews.kz