Биыл Қазақстанның жоғары оқу орындарына 31 702 грант бөлінді
Комиссияға мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және ЖОО ректорлары мүшелік етеді. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің төрағалығымен өтетін комиссия отырысында еліміздің ЖОО-на қабылдау жөніндегі жұмыс қорытындыланды, деп жазады zakon.kz.
Ерлан Сағадиев комиссияның өз жұмысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдылықтарына – ең алдымен Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы, сондай-ақ, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің даму мақсаттарын іске асыру қажеттіліктеріне назар аударғандығын атап өтті.
Аталған басымдылықтар ескеріле отырып, 12 593 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға, 5 000-ға жуық грант – педагогикалық, 2 690 грант – ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына, 3000 грант – медициналық мамандықтарға бөлініп отыр.
Биыл 31 702 грант бөлініп отыр, оның ішінде 2 950 грант – ЖОО дайындық бөлімдерінде оқуға, 28 752 грант – ЖОО-ның 1 курстарында оқуға (күндізгі оқу бөлімдеріне – 28 452, сырттай оқу бөлімдеріне – 300 грант).
Конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс берілетін ЖОО-дар тізімі анықталды. Оқу гранттары 87 ЖОО-на бөлініп отыр.
Оқу гранттарын алу конкурсына 59677 адам қатысып отыр. Олардың 47342 – қазақ тілінде, 12335 – орыс тілінде оқиды.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясындағы квота бойынша өткізілген конкурсқа 9797 адам қатысып отыр.
Олардың ішінде:
2208 «Алтын белгі» иегерлері;
303 колледж түлектері;
169 халықаралық және республикалық олимпиадаларының жеңімпаздары;
854 халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары;
948 халықаралық және республикалық спорттық жарыстардың жеңімпаздары;
9 Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары.
Олар грантты алуда басымдылыққа ие.
Сонымен қатар конкурсқа 492 жетім бала, 363 I және II топ мүгедектері, 37 соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер санатындағы абитуриент, 1053 ҚР азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдері қатысады. Бұл адамдарға квоталар белгіленіп отыр.
Фото: univision.kz