Мамандар спортшыларды Рио Олимпиадасы кезінде сақ болуға шақырды
Рио Олимпиадасына барған спортшылар мен жанкүйерлер сақ болуы шарт. Себебі, Бразилияда Зика вирусын тарататын масалар мекендейді. Рио-де-Жанейро қаласына барған қазақстандық азаматтар денені жауып тұратын киім киіп, масалардан қорғайтын дәріні алуды ұмытпауы қажет. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Бразилияда өтетін Олимпиадаға баратын спортшылар мен жанкүйерлер масадан қорғануы үшін барынша сақтық шараларын күшейткені абзал», - делінген аталмыш министрліктің редакция сауалына жауап берген хатында.
Мамандар Рио-де-Жанейро қаласындағы қазақстандық азаматтарға мынандай кеңес береді:
-Барынша денені жауып туратын киім кию;
-міндетті түрде құрамында ДЭТА (диэтилтолаумид), IR 3535 немесе икаридин элементтері бар репелленттерді пайдалану (масалардан қорғайтын дәрі – ред.) Оны терінің ашық бөлігіне немесе киімге жағу қажет. Дәріні нұсқама бойынша пайдаланған жөн.
Бразилияда жыныстық қатынас кезінде қауіпсіздікті сақтау керек немесе одан бас тарту қажет. Елге оралған азаматқа 4 айға дейін жыныстық қатынасқа түспеуге кеңес беріледі:
-Азаматтар кондиционер орнатылған қонақ үйлерде демалғаны жөн. Масалар бөлмеге кірмеу үшін терезе мен есік жабық болуы керек.
-Адамдар көп шоғырланған, әсіресе, су құбыры орнатылмаған, тазалық сақталмаған аудандардан аулақ жүрген абзал (бұл – аумақ масалардың өсіп-өнуі үшін қолайлы).
-Жүкті әйелдерге Зика безгегі таралатын аумаққа баруға болмайды. Бұл аумақақа Рио-де-Жанейро да кіреді. Ал олардың жұбайлары вирус таралған жерден келген соң жыныстық қатынастың қауіпсіз болуын қадағалауы шарт немесе жүктілік уақытында жыныстық қатынасқа түспеуге кеңес беріледі.
«Әлемде Зика безгегінің алдын алатын вакцина жоқ. Көптеген адамдарда аурудың белгілері білінбеуі мүмкін. Ал емдеу сыртқы белгілеріне қарап жүргізіледі», - делінген ҚР Ұлттық экономика министрлігі жіберген ресми хатта.
Комиттетің мәліметінше, Зика безгегін адамдарға вирус жұқтырған москиттер мен Aedes albopictus және Aedes egypti сияқты масаның түрлері таратады екен. Олар көбінесе тропикалық және субтропикалық аумақты мекендейді. Сонымен қатар вирус жыныстық қатынас арқылы таралатыны дәлелденіп отыр.
Зика безгегінің вирусы ауру адамның қанын, шәуетін, сілекейін, ми және жұлындағы сұйықтығын тексеру арқылы анықталады.
«Зика безгегі ауруының жеңіл және орташа ауыр клиникалық түрі 4-7 күнге созылады және осы уақыт аралығында ауру адам жазылады. Бұл дерт – жүкті әйелдер үшін өте қауіпті. Себебі, әйел адамның жатырындағы ұрық ауытқушылыққа ұшырауы мүмкін. Оның ішінде сәби микроцефалия ауруымен туылуы (жаңадан туған нәресте басының кішкентай болуы) және бала миының дамуында басқа да кемістіктер болуы мүмкін», - делінген ресми хатта.
Сонымен қатар, аталмыш вирус сирек кездесетін неврологиялық ауру – Гийена-Барре синдромын қоздырады. Бұл дертке шалдыққан адам сал ауруына ұшырайды немесе өліп кетуі де мүмкін.
Зика безгегінің белгілері:
-дене қызуының көтерілуі;
-тері бөртпесінің пайда болуы, конъюнктивит:
-бұлшықет пен буынның сыздауы;
-бастың ауруы;
-анда-санда жүректің айнуы және құсу.
Комитет мамандарының хабарлауынша, егер қазақстандықтар Зика безгегі вирусын жұқтырды деген күдік пайда болса, бірден сапарды ұйымдастырушы – отандық туристік операторға хабарласуы керек.
«Өз кезегінде туроператор Қазақстанға ұшпас бұрын әуежайдың медицина қызметіне тиісті ақпарат беруі қажет. Яғни аталмыш ауруға шалдықты деген азаматтың симптомдарын және Қазақстанға қай уақытта келетіндігін айтуы шарт. Зика безгегі ауруының диагнозы сиптомтомдарға және эпидемиологиялық анемнезге (азаматтың соңғы уақытта болған елі және қандай масаның шаққаны туралы мәлімет) және қаннан алынған зертханалық талдау сынамаларының қорытындысына сүйеніп шығарылады», - делінген Тұтынушылардың құқығын қорғау комитінің ресми хатында.
Айта кетейік, XХXI жазғы Олимпиада Рио-де-Жанейро қаласында 5-21 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғайды.
Фото: BNews.kz.