Қазақстанның мергендері жалпы командалық есепте бірінші орын алды
Отарда «Мерген шебі» халықаралық байқауы бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Жалпы командалық есепте Қазақстанның командасы бірінші орынды жеңіп алды, деп жазады zakon.kz, ҚР Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Екінші орынды Беларусь, үшінші орынды Ресейдің командасы еншіледі. Жеке сынақта Беларусьтің өкілі көш бастап келеді. Екінші және үшінші орындарда мергендеріміз кіші сержант Нұрсұлтан Бақтыораз бен 3-сыныпты сержант Дмитрий Охотников. Сайыстың бірінші кезеңі аяқталысымен «Мерген шебі» додасымен төрт команда, яғни, Үндістан, Грекия, Зимбабве және Армения қош айтысты. Олар үшін жарыс аяқталды. Сегіз команда, яки, Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Венесуэла, Ресей және Иран екінші кезеңге қадам басты. Бірінші кезең күрделі сынақтарымен қатысушылардың есінде қалды. Тапсырмалар дене төзімділігі мен дәлдікті, орындаудағы жоғары нақтылық пен ептілікті қажет етті.
Жалпы алғанда, бір кезеңде мергендер бес жаттығуды орындады. Күрделілердің бірі «Мерген биатлоны» болды. Қатысушыларға биіктігі 2 метрлік кедергілерді, орларды, сымды бөгеттерді, динамикалық қабырға мен автомобиль дөңгелектерінен жасалған үйінділерді бұзып өтуге, Макаров тапаншасы мен мерген винтовкасынан оқ атуға, гранаталар лақтыруға тура келді. «Өзге командаларды, олардың жұмыс жасағанын бақылаған қызықты. Қазақстандық команданың атынан өнер көрсетіп, оны халықаралық деңгейде паш ету үлкен абырой», – деп мерген кіші сержант Нұрсұлтан Бақтыораз атап өтті. «Мерген шебі» байқауы 9 тамызға дейін жалғасады.
Фото:www.mod.gov.kz