Судья Р.Күлікбаевтың қандай жағдайда өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін айтты
Биыл қыркүйек айында елімізде өлім жазасына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Алматы қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Бақытжан Қараманов BNews.kz тілшісіне бірнеше адамның өмірін қиған қызылордалық Руслан Күлікбаев қандай жағдайда өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін айтып берді.
«Мораторийдің мерзімі әлі аяқталған жоқ, алайда оны қайтадан созуы мүмкін. Егер мерзімі ұзартылмаса, онда Руслан Күлікбаевты өлім жазасына кесе алады. Мұндай ықтималды ескермеуге болмайды. Ол үшін заңда бұл жаза түрі қай күннен бастап қолданысқа енетіні анық көрсетілуі тиіс. Егер заңда өлім жазасын 2016 жылдың басынан бері жасалған қылмыстарға қатысты қолдануға болады деп жазылса, онда Күлікбаевтің ісі осы бап бойынша қаралады. Егер де 2017 жылдың басынан болса, онда Күлікбаев өлім жазасына «кандидат» ретінде қарастырылмайды», - деп түсіндірді судья.
Айта кетсек, 2003 жылдың 17 желтоқсанында Мемлекет басшысы елімізде өлім жазасына мораторий жариялау туралы Жарлыққа қол қойған еді. Қазақстанда өлім жазасын кезең-кезеңмен алып тастау саясаты 1994 жылдан бастап жүргізілді.
Бұған дейін бірқатар бап бойынша Руслан Күлікбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.
Естеріңізге салып өтсек, 18 шілде күні Алматыда Р.Күлікбаев полицейлерге оқ атты. Атыс кезінде құқық қорғау органдарының үш қызметкері оққа ұшты. Кейін жан сақтау бөлімінде тағы бір полиция қызметкері көз жұмды. 1 тамыз күні тағы екі тәртіп сақшысы қаза тапты. 25, 28 шілде мен 4 тамызда қала клиникаларынан атыс кезінде жараланған үш полицей шығарылды.Тағы бір полицей әлі ауыр халде жатыр.
Фото:news.gisher.ru