Павлодарлық экологтар атышулы моншаның иесіне төрт миллион теңгеден астам айыппұл салды
Облыстық экология департаметінің қызметкерлері ауаға азот оксиді, көміртек, бейорганикалық шаң мен күкірттік сутек таратқан моншаның иесіне 4 миллион 650 мың 412 теңге айыппұл салған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары Жомарт Кәрімовтың айтуынша, 2015-2016 жылы моншадан улы заттар шығарылып, қоршаған ортаға зияны келді.
- Қазіргі уақытта департамент атынан мамандырылған аймақаралық экономикалық сотқа қазандықтың қызметін тоқтату туралы және монша иесінен қаражатты өтеп алу туралы талап арыз жіберілді, - деді Жомарт Кәрімов.
Зертханалық талдау нәтижесінде моншаның қазандығынан ауаға секундына 0,1697 грамм азот оксиді және секундына 13,4085 грамм көміртек оксиді, 1,7387 грамм бейорганикалық шаң, 0,299 грамм күкірттік сутек мөлшерден тыс шығарылған. Бұдан басқа, күкірттік сутектің мөлшері тіпті белгіленбегені анықталды.
Ал қоршаған ортаға улы заттың шығуы бір де бір рұқсаттама қағазсыз іске асқан. Экологтардың пайымдауынша, күкірттік сутек сапасыз көмірді қолданудан пайда болуы мүмкін.
Фариза Қазыбекқызы
Фото: Рavlodarnews.kz