Алматы облысында мас жүргізушінің ізіне түскен полиция қару қолданды
Алматы облысы жол-патрульдік полиция қызметкерлері тоқтату талабына бағынбаған жүргізуші көлігінің ізіне түсу кезінде қару қолдануға мәжбүр болды, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінде хабарлағандай, оқиға «Алматы-Көкпек-Көктал» жолында жол полициясы батальонының старшинасы мен сержанты құрамында патрульдық экипажының қызмет атқару кезінде орын алды.
«Рено Логан» көлігінің жүргізушісі тәртіп сақшысының тоқтатуын елемей, жылдамдықты асырып, қозғалысты жалғастырған.
«Полицейлер дереу артынан қуып, тоқтату талабын ескермеген соң, оның көлігінің үш дөңгелегіне оқ атып тоқтатуға тура келді. Заң бұзушыны осы тәсілмен ғана ұстау мүмкін болды», - деп мәлімдеді ІІД.
Ол 33 жастағы Алматы тұрғыны болып шықты. Рульге мас күйінде отырған. Заң бұзушыға қатысты ҚР ӘҚтК төрт бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды.
«Көлік арнайы автотұраққа қойылды. Билік өкіліне бағынбау бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалды», - деп нақтылады ІІД.
Фото: motor.kz