Кәрім Мәсімов қазақстандық спортшыларды Риода медаль алуымен құттықтады
ҚР Премьер-Министрі Әділбек Ниязымбетовты, Гюзель Манюрованы және Екатерина Ларионованы Олимпиада-2016 ойындарындағы жеңісімен құттықтады, деп жазады zakon.kz, Pm.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
Карим Масимов ✔ @KarimMassimov
Біздің спортшыларды құттықтаймын!
Ә.Ниязымбетов — күміс #boxing
Г.Манюрова — күміс #wrestling
Е.Ларинова — қола #wrestling
Алға #KAZ!
Боксшы Әділбек Ниязымбетов кубалық Хулио Сесар Ла Крустан осал түсіп, қазақстандық құрамаға күміс медаль әкелді.
Олимпиаданың тағы бір күміс медалін боз кілемге канадалық Эрика Уибемен жекпе-жекке шыққан Гюзель Манюрова жеңіп алды.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Екатерина Ларионова әйелдер арасындағы күрестен қола медальді еншіледі. Ол үшінші орынға АҚШ-тың балуаны Елена Пирожковамен таласқан болатын.
Сонымен, Қазақстанның олимпиада құрамасының қоржынында қазір 15 медаль бар: «алтын» – Ниджат Рахимовта (зілтемір көтеру), Дмитрий Баландинде (жүзу), Данияр Елеусіновте (бокс); «күміс» – Әділбек Ниязымбетовте (бокс), Гюзель Манюровада (күрес), Елдос Сметовте (дзюдо), Василий Левитте (бокс) және Жазира Жаппарқұлда (зілтемір көтеру); «қола» – Екатерина Ларионовада (күрес), Эльмира Сыздықовада (еркін күрес), Отгонцэцэг Галбадрахта (дзюдо), Карина Горичевада (зілтемір көтеру), Фархад Харкиде (зілтемір көтеру), Ольга Рыпаковада (жеңіл атлетика – қатарынан үш рет секіріп түсу) және Александр Зайчиковта (зілтемір көтеру).
Фото: dixinews.kz