Сайрамдағы машинажасау зауытының өнім көлемі артып келеді
Кеңес Одағы кезінде Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылық машиналарын жасайтын «Манкентсельмаш» зауыты шетелдерге әйгілі болатын. Ондағы су көтергіштер, су сорғыш станцалар және басқа да ауыл шаруашылығына қажетті машиналар кәсіпорыннан барлық Одақтас Республикаларға және басқа да Азия және Африка елдеріне жіберіліп отырылған. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
90-шы жылдары тоқырауға түскен бұл зауыт кейіннен қанатын кеңге жайып, еңсесін көтере бастады. Күн сайын зауыт өніміне тапсырыс артып, шетелдіктер қызығушылық танытуда. 2014 жылы Түркменстанға 250 дана су көтергіштер жіберілген.
Тапсырыстардың саны артқанда, кадрлардың жетіспеушілігін байқаған зауыт басшылығы мамандар даярлайтын колледж ашып, өзіне қажетті кадрларды даярлай бастады. Оқыту жүйесі дуальды түрде, яғни партада көп отырғаннан гөрі, студенттерді өндірісте көп жүргізу. Білім алушыларға барлық жағдайы қарастырылған арнайы жатақхана ашылды. 2014 жылы бірінші бітірушілер бүгінгі таңда металл технологиясын игеріп, ресми түрде зауытта еңбек етіп, жаңа мамандармен тәжірибе алмасуда. Осы тұрғыда зауыт ұжымы жасаруда. 2015 жылы жұмысшылардың еңбек жалақысы да көтерілген.
2016 жылдың 6 айында Сайрам ауданының өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 7496,9 млн.теңгені құраса, оның ішінде машинажасау саласында өнім көлемі 662,8 млн.теңге. Бұл 2015 жылдың өнім көлемімен салыстырғанда 3 есеге артқан. Бүгінгі таңда өндірісте 180 адам еңбек етуде. Бюджетке төленген қаржы көлемі 1,7 млн.теңгені құрап отыр.
Алдағы уақытта зауыт бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін тауардың түрлерін көбейтіп, жаңа технологияларды ендіруді көздеп отыр.
Фото: ontustik.gov.kz