Бәйдібекте тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 нысан пайдалануға беріледі
Бәйдібек ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай, 25 нысан пайдалануға берілуде. Яғни ауданда жыл басынан бері бірқатар əлеуметтік нысандар ашылса, алдағы уақытта спорт, мəдениет жəне білім беру мекемелері пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Солардың бірі Мыңбұлақ ауылындағы 150 орындық Мәдениет мектебі. Бүгінде құрылысы қарқынды жүріп отырған білім ошағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа мектеп заман талабына сай мультимедиалық, лингофонды кабинеттермен жабдықталған. Сондай-ақ, физика, химия, биология кабинеттері арнайы талапқа сай құрал жабдықтармен қамтамасыз етілсе, қосымша спорт зал мен асхана жайлары да бар.
Айта кетейік, Бәйдібек ауданы бойынша жалпы 49 мектеп жаңа оқу жылына толығымен дайын. Ал 2016-2017 оқу жылының қысқы маусымына барлық мектеп 100 пайыз қатты отынмен қамтамасыз етілген.
2015-2016 оқу жылында ауданда 3 білім ұясы мен Жолғабас мектебіне жапсарлас асхана мен спорт зал пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 5 мектеп құрылысының жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру мақсатында тиісті басқармаларға ұсынылды. Ал аудандағы тағы да салынып жатқан 150 орындық 2 мектептің құрылысы 2017 жылға өтпелі.
Биылғы оқу жылында аудан бойынша 1471 оқушы 1 сынып табалдырығын аттамақ.
Фото: ontustik.gov.kz