Қырғыз спортшысы Олимпиаданың қола медалінен айырылды
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиялық ойындардың ізі суымай жатып, бірқатар елдердің спортшылары дүбірлі додада жеңіп алған жүлделерінен айырылып жатыр, деп жазады «Қазақстан» ҰТА, egemen.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
Халықаралық допингке қарсы агенттік спортшылардың жүлдесін тыйым салынған медициналық препараттарды қолданғаны үшін тартып алып отыр.
Солардың бірі – Қырғызстанның ауыр атлеті Иззат Артыков Олимпиадада алған қола медалінен айырылды. Халықаралық допингке қарсы агенттіктің Арбитражды соты спортшының қанынан стрихнин дәрісінің табылғанын айтып, оны қола жүлдегер атағына лайықсыз деп таныды. Стрихнин – улы дәрі. Солай бола тұра, адам оны қажетті мөлшерде қабылдаса, оның дене және жүрек бұлшық еттеріне жақсы әсер етеді. Бұл дәрі спортшылар арасында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кеңінен таралған. Содан кейін ол жан-жануарлар мен жәндіктерге қарсы пестицид ретінде қолданылған. Яғни, улау үшін пайдаланылған. Кеңес Одағы кезінде дәрі егеуқұйрықтарды өлтіру үшін сатылған.
Енді Иззат Артыков аталған агенттіктің Арбитражды сотының шешімімен белгілі бір мерзімге спорттан шеттетілді. Ол Олимпиадада 69 келіге дейінгі салмақта күш сынасып, Қырғызстанға жалқы жүлде жеңіп алған болатын.
Фото: kaztrk.kz