ОҚО «секталар, экстремизм және терроризмнің қатерлері» тақырыбында кездесу өткізілді
Аудандық ішкі саясат бөлімі және «Жастар ресурыстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Шардара ауданы Ұзыната ауылдық округінде «Секталар, экстремизм және терроризмнің қатерлері» тақырыбында кездесу өткізілді. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы, дінтанушы Н.Үсіпбек Ұзыната ауылдық округіндегі тұрғындарға, ата - аналарға, ұстаздар мен жастарға, бүгінгі таңда діни экстремизм, терроризм, секта, лаңкестік топтардың қоғамға тигізер зардабы мен кері әсері туралы түсінік бере келе, дәстүрлі Ислам дінінің маңыздылығын айтып өтті. Н.Үсіпбек әрбір адам өз отбасын және туыстарын кереғар діни ағымдардың арбауынан сақтандырып отыру керектігін түсіндіре келе, діни тұрғыда қоғамдағы орын алып жатқан мәселелерге сергектікпен қарау керектігін атап өтті. Себебі, адамды азғыртып, санасын улайтын кері ағымның етек жайғаны бүгінде көрші мемлекеттерде ерекше байқалады. Оған дәлел соңғы бірнеше айдағы Еуропа мен Түрік мемлекеттеріндегі лаңкестік әрекеттер.
Кездесу барысында Ұзыната ауылдық округі тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптарын алды.